Жетісайда жыл соңына дейін тамшылатып суғару әдісі 8 мың гектарға енгізіледі

Жетісай ауданында ағын су тапшылығының алдын алып, ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру мақсатында тамшылатып суғару технологиясын енгізу жұмыстары қарқын алуда. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.

Аудан әкімі Серік Мамытов егістік алқаптарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты. Ол шаруалармен кездесіп, су үнемдеу технологиясының тиімділігі мен болашағы туралы пікір алмасты.

Қазіргі таңда 5041 гектар жерге тамшылатып суғару әдісі енгізілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 8000 гектарға жеткізу көзделіп отыр. Бұл – Түркістан облысы бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі.

Жаһандық жылыну мен су тапшылығы жағдайында бұл тәсіл ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында Қазақстан бойынша 1,4 млн гектарға ылғал үнемдеу технологиясын енгізу жоспарланған. Оның 216,3 мың гектары Түркістан облысына тиесілі, бұл – республикадағы 16%-дық үлес.

Су үнемдеу жұмыстарының нақты нәтижесі ретінде Жетісайда жылыжай шаруашылығы да кеңейіп келеді. Мәселен, былтыр 23 гектарға жылыжайлар салынса, биыл тағы 5 гектар жерге жаңа жылыжайлар орналастырылады. Сонымен қатар, 1158 гектар жерден жылына 2-3 рет өнім алу тәжірибесі жүзеге асырылып келеді.

Мамандардың айтуынша, суды тиімді пайдаланудың мұндай үлгісі ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға зор үлес қосады.