ЖЕТІСАЙЛЫҚ ШАРУА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУМЕН МИЛЛИОНЕР АТАНДЫ

ЖЕТІСАЙЛЫҚ ШАРУА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУМЕН МИЛЛИОНЕР АТАНДЫ
«Ауыл Аманаты» жобасының нәтижесі ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыруда
Ауыл шаруашылығы – Жетісай ауданы экономикасының негізгі қозғаушы күші. Соңғы жылдары бір алқаптан бірнеше өнім алу бағытындағы жұмыстардың кеңінен өрістеуі мен мемлекеттік қолдау шараларының арқасында аудан шаруалары табыстарын еселеуде.
Соның жарқын үлгісі – Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Булиш Ата» шаруа қожалығы. Қожалық төрағасы Бахадур Булишев 2023 жылы «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиемен 5,7 млн теңге алып, 0,14 гектар жерге жылыжай салып, кәсібін кеңейткен. Қыста еккен 300 мың түп баклажан көшетін сатып, мол табыс тапқан шаруаның ендігі жоспары – тамшылатып суғару әдісімен егілген голландиялық «Ранний» сорты қызанақтан 14 тонна өнім алу.
«Бұрын тек көшет өндіріп, жылыжай мүмкіндігін толық пайдалана алмадым. Қазір жылына екі рет өнім алып отырмын. Бұл отбасылық кәсіпке айналды. Қысқы көшеттен, көктемгі қызанақ, қияр, болгар бұрышы мен баклажаннан айтарлықтай табыс түсіп отыр», – дейді Булишев.
Мемлекеттік қолдау мен кәсіпкерліктегі жаңашылдықты тиімді пайдаланған шаруа бүгінгі күні 10 миллион теңгеге жуық таза табыс тауып, аудан шаруаларына үлгі болып отыр.