Жиделі ауылы көгілдір отынға қосылып, тұрғындар мереке қарсаңында қуанышқа кенелді

Жиделі ауылы көгілдір отынға қосылып, тұрғындар мереке қарсаңында қуанышқа кенелді

Арыс қаласының ең шалғай орналасқан елді мекендерінің бірі – Жиделі ауылында қала күні қарсаңында көптен күткен маңызды оқиға орын алды. Ауыл тұрғындары алғаш рет табиғи газға қол жеткізіп, тұрмысын жеңілдететін жаңа кезеңге қадам басты.

Салтанатты шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, мердігер мекеме өкілдері мен жауапты сала мамандары қатысты. Ауыл тұрғындарымен кездескен қала басшысы бұл жобаның маңыздылығына тоқталып, газ тарту жұмыстарының әлеуметтік-экономикалық әсері зор екенін атап өтті. Жергілікті тұрғындар мен ауыл ақсақалдары елді мекенге жасалып жатқан қолдау мен қамқорлық үшін алғыс айтып, Жиделінің болашағына сенім білдірді.

Жобаның аясында ауылдағы 311 үйге көгілдір отын кіргізу мүмкіндігі қарастырылып, 2 мыңнан астам тұрғын газ желісіне қосылуға мүмкіндік алды. Әсіресе қыс айларында көмір мен отын тасып, қиындық көріп келген халық үшін бұл – өмір сапасын жақсартатын маңызды өзгеріс.

Айта кету керек, бұған дейін Арысқа қарасты Байырқұм мен Көкжиде ауылдарына газ берілген. Енді Аққала елді мекенін газбен қамту жұмыстары басталып кетті. Бұл – қала маңындағы барлық ауылдарды кезең-кезеңімен көгілдір отынмен қамту бағытындағы нақты іс-шаралардың жалғасы.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынған бұл жоба Жиделі тұрғындары үшін ғана емес, жалпы Арыс қаласының ауылдық әлеуетін арттыру жолындағы кезекті маңызды қадам саналады.