ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: ЕҢБЕК АДАМЫНА ҚҰРМЕТ – ҚОҒАМҒА ҮЛГІ

Ел Президентінің бастамасымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл – еңбек адамына деген құрметті арттырып, жастарды жұмысшы мамандықтарына баулу арқылы елдің өндірістік әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды қадам.
Осы ауқымды бастаманың нақты үлгісі ретінде Шорнақ ауылдық округінің тұрғыны, көпбалалы ана Зоя Жақсыбаевна Маханованы атауға болады. Ол 2024 жылы мемлекеттік грант иегері атанып, тігіншілік кәсібін жолға қойған. Бүгінде құрақ көрпеден бастап киім тігудің сан түрін меңгеріп, өз ісін дөңгелетіп отырған шебер. Бұл – қарапайым еңбектің үлкен жетістікке жеткізетінін дәлелдейтін жарқын мысал.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында:
«Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс», – деп атап өткен болатын.
Мемлекет бұл бағытта гранттар, оқыту бағдарламалары және кәсіпкерлікті қолдау шаралары арқылы жұмысшы мамандық иелеріне жол ашуда. Бұл – еңбек адамына деген құрметтің нақты көрінісі.
Қазіргідей білікті жұмыс күшіне сұраныс артып тұрған кезеңде, еңбек адамы жастар үшін үлгі болып, кәсібін адал атқарып жүрген жандар қоғам назарында болуы тиіс.