ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ РУХАНИ ОРТАЛЫҚТАРМЕН ТОЛЫҒАДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Мұқатай бастаған делегациямен кездесті. Басқосуда өңірдегі рухани саланың дамуы, жаңа жобалар және рухани-мәдени нысандардың маңызы талқыланды.
Кездесу барысында Түркістан қаласында салынуы жоспарланған және қазіргі таңда бой көтеріп жатқан рухани-тарихи орталықтар сөз болды. Жаңа нысандардың өңірдің рухани өміріне ерекше серпін беріп, туризмді дамытуға ықпал ететіні атап өтілді.
Ертай Алтаев қонақтарға алғыс білдіре отырып:
«Түркістан – еліміздің рухани астанасы. Қалаға көрсетіліп отырған қолдауларыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Руханият саласындағы бастамаларды бірге жүзеге асыруға әзірміз. Елдің рухани құндылықтарын дәріптеуде бірлесе жұмыс атқарайық», – деді.
Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен жобаларды жалғастыруға уағдаласты.





