Арыста соңғы қоңырау соғылды: 1249 түлек жаңа өмірге қадам басты

Арыс қаласының барлық білім ошақтарында «Соңғы қоңырау» салтанаты өтті. Ерекше толқынысқа толы бұл күні қала әкімі Қайсар Маңқараев М.Әуезов атындағы мектепте өткен мерекелік шараға арнайы қатысып, түлектерге ақ жол тіледі.
Әкім өз сөзінде:
– Биыл қала және ауыл мектептерін 1249 түлек бітіреді. Оның ішінде 64 оқушы – «Алтын белгіге», 159-ы – «Үздік аттестатқа» үміткер. Бұл – ұстаздар еңбегі мен ата-аналар қолдауының және оқушылардың талпынысының жемісі. Сіздер тек Арыстың ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы болыңдар! – деді.
Шара барысында үздік оқушылар мен мұғалімдер қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Түлектер мектеппен қимастықпен қоштасып, ұстаздарына ән арнады.