Бәйдібек: аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады

Бүгін Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Қабылдау барысында аудан басшысы жауапты сала жетекшілерімен бірге көтерілген мәселелерді мұқият қарастырып, олардың шешу жолдарын талқылады.
Қабылдауға Ақбастау, Көктерек, Бөген және Шаян ауылдық округтерінен келген азаматтар тұрғын үй кезегі, жол құрылысы, инфрақұрылым және жылжымайтын мүлік құжаттарын заңдастыруға қатысты сауалдарын жолдады. Әрбір өтінішке жеке тоқталған аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, әр мәселенің орындалу барысын өз бақылауына алатынын атап өтті.
Кейбір сұрақтар бойынша тұрғындарға заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетіні айтылды. Ерлан Нұрмаханов жеке қабылдаулардың билік пен халық арасындағы ашық әрі тиімді диалогты қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталып, тұрғындармен тікелей байланыстың әрқашан басты назарда болатынын жеткізді.
Айта кетейік, аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылу е-otinish платформасы арқылы, сондай-ақ Бәйдібек ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімшесіне келіп өтініш жазу немесе 8700-484-92-13 сенім телефоны арқылы жүзеге асырылады.





