Маңғыстау облысында 18 жастағы сарбаз жындыханадан бір-ақ шықты

Маңғыстау облысында 18 жастағы Сұлтан Шынтеміров есімді сарбаз әскердегі қысымнан соң жүйке аурулары диспансеріне түсіп қалған. Ол биыл сәуірде әскерге шақырылып, Бейнеу ауданындағы №99116 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген.
Жас жігіттің анасының айтуынша, Сұлтан бірнеше рет командирлерден көрген қорлықты айтып шағымданған. Әскери бөлімде оны жиі ұрып-соғып, ауыр қара жұмысқа салған. Тіпті біреудің үйіне кірпіш құюға да жұмсапты.
💬 Сұлтан Шынтеміровтың анасы:
«Балама тыныштық бермепті. Бірнеше рет телефонмен хабарласып, өзін соққыға жыққандарын айтты. Бір рет білегін тіліп, өзіне қол салмақ болыпты. Кейін тағы да қайталады. Соңғы рет командир хабарласып, жүрегі мен бүйрегі ауырып тұр, дәрігерге апарамыз деген. Бірақ алдап, жындыханаға апарып тастаған».
Қазір Сұлтан психиатриялық ауруханада жатыр. Оның жанында тағы екі сарбаз жүйке жүйесін емдетуде екен. Жас жігіттің туыстары бұл жағдайды азаптаумен тең әрекет деп бағалап отыр.
Қорғаныс министрлігі оқиғаға байланысты тексеріс бастағанын мәлімдеді. Арнайы комиссия сарбаздың ауруханаға қалай жеткізілгенін, әскери бөлімде қандай жағдайға тап болғанын анықтамақ.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл оқиға — әскердегі әлімжеттік пен заңсыз әрекеттердің бар екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Олар сарбаздың құқығы бұзылғанын айтып, істің ашық тергелуін талап етуде.





