Шардарада діни экстремизмнің алдын алу бойынша түсіндіру кездесуі өтті

Шардарада діни экстремизмнің алдын алу бойынша түсіндіру кездесуі өтті

Шардара қаласындағы М.Горький жалпы орта мектебінде жоғарғы сынып оқушыларына арналып «Діни экстремизм – терроризмнің алдын алу» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Шараға Түркістан облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Д.Аманов және аудандық ішкі саясат бөлімінің дін істері жөніндегі сектор меңгерушісі А.Оспанов қатысты.

Кездесу барысында теолог Д.Аманов діни экстремизмнің мәнін түсіндіріп, оның астарында дінді саяси мақсатта пайдалану арқылы қоғамда алауыздық туғызу әрекеттері жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жастардың деструктивті діни ағымдарға тартылуына көбіне психологиялық әлсіздік, білім мен діни сауаттың төмендігі, әлеуметтік қиындықтар себеп болады.

– Діни экстремизм – бұл дінді жамылып, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіру. Бұған жол бермеудің бірден-бір жолы – діни және саяси сауаттылықты арттыру, ұлттық мәдениет пен дәстүрге құрметпен қарау, – деді Д.Аманов.

Спикер жастарды ұлттық құндылықтарға беріктікпен қарап, түрлі ағымдардың ықпалына түспеуге шақырды. Шара барысында оқушыларға нақты мысалдар келтіріліп, сұрақ-жауап арқылы тақырып терең түсіндірілді.