Түркістан: Арыста көгалдандыру және зиянкестермен күрес мәселелері талқыланды

Түркістан: Арыста көгалдандыру және зиянкестермен күрес мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Пресса24.кз тілшісі.
Арыс қаласында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес елді мекендерді көгалдандыру, тұқымбақ шаруашылығын дамыту, шегірткемен күресу және сасық кеурек өсімдігін қазуға тыйым салу мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары, табиғат қорғау полициясы, көгалдандыру мекемелері мен орман шаруашылығы өкілдері қатысты. Сонымен қатар, «Қорған» мамандандырылған жедел қызметінің инспекторлары да қатысушылар қатарында болды.
Семинар барысында көгалдандыру жұмыстарының қазіргі жай-күйі, елді мекендерде ағаш өсіру ісіндегі түйткілдер және сасық кеурек пен мия өсімдіктерін қазу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ зиянкестерге қарсы жүргізілген химиялық өңдеу жұмыстарының нәтижесі баяндалып, 2026 жылға арналған қауіп төнетін аумақтар нақтыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков сала жетекшілеріне семинарда көтерілген ұсыныстарды заң аясында қарап, нақты шешімдер ұсынуды тапсырды.
– Бүгінде көгалдандырумен қатар табиғатты ұтымды пайдалану да күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Қоршаған ортаны қорғау – ортақ міндет, сондықтан бұл бағытта құзырлы мекемелермен бірлескен жұмыс қажет, – деді ол.





