Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт ашылады

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт ашылады
— деп хабарлайды Pressa24.kz тілшісі.
Түркістан облысында өндірістік қуатты арттыру және инвестиция тарту мақсатында қолға алынған «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы нәтижесін бере бастады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданындағы өндірістік паркті аралап, жүзеге асырылып жатқан және іске қосылуы жоспарланған жобалармен танысты.
Аймақ басшысы жұмыс қарқынын бәсеңдеткен инвесторлармен талапқа сай шара қолдану керектігін ескертті.
«Біздің басты бағытымыз – өндіріс ашу. Жұмыс орындары құрылуы тиіс. Жоба мерзімінен кешіксе, ғимаратты басқа кәсіпкерлерге ұсыныңыздар», – деді Нұралхан Көшеров.
Сол күні облыс әкімі «AVATAR AGRICULTURAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT» компаниясының өндіріс алаңында болды. Бұл жоба аясында ауыл шаруашылығына арналған дрондар шығаратын зауыт салынуда. Құны 5 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба аясында айына 600 дана дрон шығару жоспарланған. Қытайлық инвесторлар өндірісті автоматтандыруға басымдық беріп отыр: зауыттағы негізгі жұмысты роботтар атқаратын болады.
Өңір басшысы инвесторлармен кездесіп, жобаға толық қолдау көрсетілетінін атап өтті. Зауыт іске қосылған соң Қазақстанды ауыл шаруашылығы дрондарымен қамтамасыз ету жоспары тұр.
Сонымен қатар облыс әкімі парк аумағындағы ауыл шаруашылығы техникалары, тұрмыстық пакеттер, жиһаз және жылу қазандықтарын шығаратын өндіріс орындарын да аралап көрді. Кәсіпкерлер мен инвесторлар өз кезегінде әкімдік тарапынан жасалып жатқан қолайлы жағдай үшін ризашылықтарын білдірді.
Өңірде индустриялық жобалар легі алдағы уақытта да жалғасын таппақ.





