Түркістан облысында оқу жылының аяқталуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

Түркістан облысында оқу жылының аяқталуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтіледі,деп жазады pressa24.kz.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев оқу жылының аяқталуына орай мәжіліс өткізіп, білім беру, денсаулық сақтау, дін істері басқармалары, құқық қорғау органдары мен ТЖ қызметі өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Жиында соңғы қоңырау, ҰБТ өткізу, жазғы демалыс пен оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қауіпсіздік шараларын күшейту мәселелері қаралды.

Биыл өңірде 33 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Соңғы қоңырау 23 мамырда өтсе, ҰБТ 16 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді. Тестілеуге қатыспайтын 6500 оқушы үшін колледжге грант арқылы қабылдау және «Серпін» бағдарламасы шеңберінде кәсіби бағдар беру шаралары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, суға шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін рұқсат етілмеген аймақтар анықталып, бақылауға алынады.

Облыста жаз мезгілінде 31 сауықтыру лагері жұмыс істейді. Оның 10-ы мемлекеттік, 21-і жекеменшік. Жазғы демалыспен 439 мыңнан астам оқушы қамтылмақ. Әлеуметтік осал топтағы балалар мен мектепішілік есептегі оқушыларға, олимпиада жеңімпаздарына басымдық беріледі. Биыл 5 мемлекеттік лагерьге 52 модульді жатақхана орнатылып, 7500-ден астам қосымша орын ашу көзделген.