Түркістан облысында жұмысшы мамандықтарға 9500 грант бөлінеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына байланысты Түркістан облысында бұл бағытта нақты шаралар қолға алынуда. Биыл облыста техникалық және кәсіптік білім алуға бөлінетін 15 мыңнан астам гранттың 9500-і жұмысшы мамандықтарына қарастырылып отыр. Бұл — барлық гранттың 63,3 пайызы.
Сонымен қатар, жұмысшы кадрларды даярлау мақсатында қосымша 1000 грант бөлініп, салаға қолдау күшеймек. Келесі оқу жылынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге артпақ. Бұл колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, педагогтардың біліктілігін көтеруге жол ашады.
Қазіргі таңда өңірдегі 50 колледжде 45 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Биыл арнайы білім беру мекемелеріне 15 мыңнан астам грант бөлінген. Сонымен бірге, жаңадан 11 жұмысшы мамандығы бойынша лицензия алынады.
Айта кетейік, Түркістанда салынып жатқан «WOOSONG-TURKISTAN» IT университетінде 2340 студент заманауи цифрлық технологиялар бағытында білім алады. Онда жасанды интеллект, бағдарламалық қамтамасыз ету, мультимедиа және web-дизайн сынды салалар бойынша төрт факультет жұмыс істемек.