Түркістанда ауыл шаруашылығы университеті мен зерттеу орталығын ашу мәселесі талқыланды

Түркістанда ауыл шаруашылығы университеті мен зерттеу орталығын ашу мәселесі талқыланды
– деп хабарлайды Presso24.kz тілшісі.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығы саласындағы шетелдік инвесторлармен және ғалымдармен кездесті. Басқосуда өңірде ауыл шаруашылығын ғылыми негізде дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу және осы салаға маман даярлайтын ғылыми орталық пен университет ашу мәселесі сөз болды.

Өңір басшысы бұл бастамаға толық қолдау білдіретінін айтып, Түркістанның аграрлық әлеуетін ерекше атап өтті.

– Түркістан облысы ауыл шаруашылығында ел бойынша алдыңғы орында. Сондықтан осы салада ғылыми орталық пен заманауи университет ашу – уақыт талабы. Бұл тек біздің өңір үшін емес, еліміздің басқа аймақтарына да білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесуге қатысқан Қытайдың Пекин ауыл шаруашылығы университетінің вице-президенті, профессор Ду Тайшэн Түркістанның агросаланы дамытудағы мүмкіндіктеріне оң баға берді. Ол мақта шаруашылығы, су ресурстарын үнемдеу және топырақ құнарлылығын арттыру бағытында ғылыми серіктестік орнатуға дайын екенін жеткізді.

Профессордың айтуынша, зерттеу орталығы мен университет ашу – мемлекетаралық келісімдерді қажет ететін маңызды қадам. Бұл ұсыныс мұқият зерделеніп, нақты шаралар қолға алынбақ.