Түркістандық жас балуандар әлем чемпионатынан жүлдемен оралды

Түркістандық жас балуандар әлем чемпионатынан жүлдемен оралды
Грекия астанасы Афинада өткен U-17 жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының жас балуандары табысты өнер көрсетті. Байрақты бәсекеде Түркістан облысының екі спортшысы ел қоржынына қола медаль салды.
51 келі салмақта сынға түскен Қазығұрт ауданының өрені Данаел Әбдіқасым мен 60 келіде белдескен төлебилік Асанбек Бекасыл әлемнің үздік балуандарының қатарынан көрінді.
Жас спортшыларды Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров бастаған делегация, жанкүйерлер мен туыстары әуежайдан сән-салтанатпен күтіп алды.
Асанбек Бекасыл – Түркістан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірті. Ал Данаел Әбдіқасым – Бекзат Саттарханов атындағы олимпиада резервінің мектеп-интернат-колледжінде білім алып жүр.
Мамандардың айтуынша, бұл жеңіс – өңірдегі спорт жүйесінің дұрыс бағытта дамып жатқанын көрсетеді. Түркістан жастарының халықаралық ареналарда топ жаруы – облыс спорты үшін үлкен жетістік.





