САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров күзгі көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының барысын тексерді. Аудан басшысы тиісті бөлім жетекшілері мен ауылдық округ әкімдерімен бірге елді мекендерді аралап, ағаш отырғызу, суару жүйелерін реттеу және жасыл аймақтарды кеңейту шараларымен танысты.

Көгалдандыру жұмыстары аудан орталығымен қатар ауылдық аймақтарда да қарқынды жүзеге асуда. Қазіргі уақытта көктемгі және күзгі маусымдарға арналған арнайы жер телімдері дайындалып, оларға ағаш көшеттері мен сәндік бұталар отырғызылуда. Бұл аумақтар болашақта тұрғындарға арналған демалыс және серуен аймақтарына айналмақ.

Мақсат Таңғатаров көгалдандырудың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтіп, жауапты бөлім басшыларына жұмыстарды уақытылы орындау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, аудан аумағындағы ирригациялық жүйелерді жаңарту және жасыл желектерді күтіп-баптау бағытында қосымша шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды.

Көгалдандыру ісі – өңір экологиясын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды шара.