АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ХАЛЫҚТЫҚ ТЕАТРЫ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУДА ҮЗДІК ҮШТІКТЕН КӨРІНДІ

Түркістан облысы Отырар ауданында 27–28 қараша күндері сатирик, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Көпен Әмірбектің 75 жылдығына арналған «Театр – өмір айнасы» облыстық халықтық театрлар байқауы өтті. Екі күнге созылған өнер додасына өңірдің 15 халықтық театры қатысып, үздік қойылымдарын сахналады.

Байқауды бағалаған қазылар алқасының құрамында Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының директоры Арман Әлиев, белгілі театр актеры Шәкен Амантұров және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Асылхан Темірхан болды. Олар әр қойылымды актерлік ойын, режиссерлік шешім, сахналық тазалық және шығармашылық ізденіс бағытында сараптап шықты.

Қатысушы ұжымдар комедия жанрындағы 15 түрлі қойылымды сахнаға алып шықты. Шығармалар Көпен Әмірбек және қазақ сатирасының белгілі өкілдерінің туындыларына негізделіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді астарлы түрде жеткізумен ерекшеленді. Әзіл мен ойды ұштастырған қойылымдар көрерменге әсерлі көңіл күй сыйлап, театрдың тәрбиелік әрі әлеуметтік рөлін айқын көрсетті.

Аймақтық додада Арыс қаласының халықтық драма үйірмесі жоғары деңгейдегі кәсіби дайындық пен сахналық шеберліктің нәтижесінде жүлделі ІІІ орынды иеленді. Бұл — арыстық өнерпаздардың еңбегі мен талантын дәлелдейтін маңызды жетістік.

Арыс қаласының өнер ұжымы өңір мәдениетінің дамуына тұрақты үлес қосып келеді. Болашақта да жаңа қойылымдар ұсынып, көрермен сенімін ақтай беретіні сөзсіз.