Қазығұртта табиғатпен үндескен сенбілік өтті

Қазығұртта табиғатпен үндескен сенбілік өтті,деп жазады Пресса24.кз.
Қазығұрт ауданында қоршаған ортаны қорғауға арналған ерекше шара — «Бәріміз бірге – таза орта үшін» атты сенбілік ұйымдастырылды. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орайластырылған бұл акцияға ауданның барлық ауылдық округтері жұмыла кірісті.
Табиғатты аялап, туған өлкенің тазалығына үлес қосу мақсатында өткен сенбілікке мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары, жастар ұйымдары мен белсенділер атсалысты. Олар көшелерді, мекеме маңдарын, өзен-көл жағалауларын күл-қоқыстан тазалап, табиғатқа жан біткендей көңіл бөлді. Ағаштардың түптері әктеліп, қураған бұтақтар кесілді, шөптер орылып, жас көшеттерге су құйылды. Кейбір ғимараттардың қабырғалары мен қоршаулары сырланып, көз тартар келбетке енді.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов сенбілік жұмыстары жүргізілген аумақтарды аралап, тазалық пен жасыл желекке күтімнің маңызын ерекше атап өтті. «Бұл тек сенбілік емес, бұл — болашаққа деген жауапкершілік. Әрбір тұрғын өз ауылын таза ұстауға мүдделі болуы керек. Таза орта — сау ұрпақтың кепілі», — деді ол.
Қазығұрттықтар бұл бастаманы бір реттік акция деп емес, күнделікті өмір салтына айналдыруды мақсат тұтқанын көрсетті.