ТҮРКІСТАНДА ЖОЛАУШЫЛАРҒА ЫҢҒАЙЛЫЛЫҚ: ТЕМІРЖОЛ МАҢЫНДА ЖАҢА КӨПІРЛЕР САЛЫНЫП ЖАТЫР

ТҮРКІСТАНДА ЖОЛАУШЫЛАРҒА ЫҢҒАЙЛЫЛЫҚ: ТЕМІРЖОЛ МАҢЫНДА ЖАҢА КӨПІРЛЕР САЛЫНЫП ЖАТЫР,деп жазады Пресса24.кз.

Түркістанда теміржол вокзалы маңындағы қауіпсіздікті арттыру және жолаушылар қозғалысын жеңілдету мақсатында екі жаңа жаяу жүргінші көпірінің құрылысы жүріп жатыр. Облыс басшылығының тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба – өсіп келе жатқан қала инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай жаңғыртудың бір көрінісі.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралап, сапасына назар аударды. Әкім сапар барысында мердігер ұйым мен техникалық қадағалаушыларға нақты сын-ескертпелер айтып, құрылыс барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Қалаға туристердің көптеп келуіне байланысты, жолаушылардың қауіпсіз жүріп-тұруы маңызды. Сол себепті жаңа көпірлердің бірі – 117 метр, екіншісі – 46 метр ұзындықта салынып жатыр. Жобаның барлық қаржысы бөлінген, нысандар биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар, Қабанбай батыр ескерткіші орналасқан аумақты абаттандыру жұмыстары да қолға алынған. Мұнда шахмат алаңы, демалыс орындықтары, аяқжолдар және көгалдандыру элементтері қарастырылған.

Түркістан – тек тарихи емес, қазіргі таңда еліміздің маңызды туристік орталықтарының бірі. Сондықтан мұндағы әрбір инфрақұрылым жобасы – болашаққа салынған инвестиция.