Түркістаннан Көкшетауға – 200 тонна өніммен жәрмеңкелік керуен аттанды

Түркістаннан Көкшетауға – 200 тонна өніммен жәрмеңкелік керуен аттанды
1 маусымда Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен кең ауқымды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Соған орай бүгін өңірден 200 тоннадан астам азық-түлік тиеген керуен жолға шықты.
Шара алдында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ермұхаммед Құралбеков, сондай-ақ 17 аудан мен қалалардың жауапты өкілдері жиналып, сапар алдында сәттілік тіледі.
Керуен құрамында көкөніс, бақша өнімдері, жеміс-жидек, балық және қайта өңделген жергілікті өнімдер бар. Бұл тауарлар Көкшетау тұрғындарына нарықтағы бағадан 15-20 пайыз арзан бағамен ұсынылады. Сонымен қатар, жәрмеңке аясында Түркістан облысы өнерпаздарының қатысуымен мәдени-көпшілік іс-шаралар да ұйымдастырылады.
Түркістан облысы — еліміздің ауыл шаруашылығындағы жетекші өңірлердің бірі. Жалпы республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің 13%-ы осы облысқа тиесілі. Биылғы сәуірдегі дерекке сәйкес, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 155,7 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 105,1%-ды құрады.
Өңірде агросалаға инвестиция тарту да қарқын алған. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 15,9 млрд теңге, тамақ өндірісіне 6 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіштер тиісінше 1,3 және 2 есеге артқан. 2025 жылға қарай құны 124 млрд теңге болатын 29 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1651 жұмыс орны ашылмақ.
Сондай-ақ биыл өңірде 896 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Су үнемдеу технологиялары да қарқынды енгізілуде – жоспарланған 59 мың гектардың 16 мың гектары қазіргі таңда қамтылған.
Экспорт көрсеткіштері де айтарлықтай: 2024 жылдың алғашқы 4 айында Түркістан облысынан 6,7 мың тонна ірі қара және 4,6 мың тонна қой еті сыртқы нарыққа жөнелтілді. Республика бойынша экспортталатын сиыр етінің 80%-ы, қой етінің 75%-ы осы өңірден шығуда.