ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ШАНХАЙДА ТУРИСТІК КЕҢСЕ АШТЫ

Қытай Халық Республикасының ірі мегаполисі — Шанхай қаласында Түркістан облысының Visit Turkistan туристік ақпараттық кеңсесі ашылды. Жаңа кеңсе Broadway Mansions тарихи қонақ үйінде орналасқан.
Кеңсенің басты мақсаты – Түркістан өңірінің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныстырып, шетелдік саяхатшыларды Қазақстанның рухани астанасына тарту.
Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, екі ел арасындағы тарихи-мәдени және іскерлік байланыстарды атап өтті.
🗣️ «Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи сабақтастықты жаңа деңгейде жалғастырып, Түркістан туризмін Қытай нарығына таныстыру — біздің басты мақсатымыз. Кеңсенің ашылуына атсалысқан SkyWay туроператоры мен Шанхай туристік қауымдастығына алғысымыз зор», – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Іс-шара аясында Түркістан облысының туризм басқармасы мен China Corporate United Pavilion Group (CCUP) және SkyWay туристік операторы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Кеңсе жұмысы арқылы қытайлық туристік нарықпен тікелей байланыс орнатылып, Түркістанға жаңа туристік ағым қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл келісім өңірдің халықаралық беделін арттырып, туризм саласына инвестиция тартуға және мәдени қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндік береді.