ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУДІ ЖЕДЕЛДЕТУДЕ: ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРГІ КӨРСЕТКІШТЕРГЕ ШОЛУ

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУДІ ЖЕДЕЛДЕТУДЕ: ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРГІ КӨРСЕТКІШТЕРГЕ ШОЛУ

Дереккөз: ranking.kz

Ұлттық статистика бюросының алдын ала мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–сәуірінде Қазақстанның нақты ЖІӨ өсімі 6%-ды құрады. Бұл — қаңтар–наурыздағы 5,6%-дан жоғары көрсеткіш және 2024 жылдың осы кезеңіндегі 3,4%-дан екі есеге жуық көп. Үш ай қатарынан өсу үдемелі сипат алып отыр: қаңтарда — 3,8%, екі айда — 5,4%, үш айда — 5,6%. Мұндай нәтижеге тауар өндірісінің артуы мен қызмет көрсету секторының кеңеюі қатар әсер етті.

Нақты сектор: өндіріс пен құрылыс жетекші рөлде

Тауар өндірісі 7,5%-ға өсті. Оның ішінде:

  • Өнеркәсіп көлемі — 6,4%,
  • Өңдеу өнеркәсібі — 7,2%.
    Артып отырған өнімдер қатарына: күнбағыс майы, ұн, қант, күріш, уран, бензин, дизель, бетон, тыңайтқыш, болат, шойын, прокат, жүк вагондары мен локомотивтер кіреді.

Кен өндіру секторы 7,1%-ға дейін жеделдеді (I тоқсанда — 6,1%). Бұл мұнай (+8,8%), көмір (+11,2%) және металл рудаларын (+1,4%) өндірудің артуымен байланысты.

Құрылыс секторы 16,2%-ға өсіп, 4,9 млн ш.м. тұрғын үй пайдалануға берілді (+6,8%). Негізгі жобалар: Маңғыстаудағы тұщыту зауыты, Қостанайдағы KIA зауыты, Түркістандағы химзауыт, Павлодардағы Ертіс көпірі, Жамбылдағы биофармацевтикалық және сода зауыттары, мектептер, жолдар мен инженерлік желілер.

Қызмет көрсету саласы: сауда мен көлік қарқын алуда

  • Қызметтер — +5,3%
  • Сауда — +7%
  • Көлік — +22,4%
    Логистиканың қалпына келуі мен жүк айналымының өсуі оң ықпал етті. Теміржол арқылы жүк тасымалы көліктің жалпы көлемінің 20,5%-ын құрады. «Қазақстан темір жолы» АҚ (ҚТЖ) елдегі жүк айналымының 65%-ын қамтиды. 2025 жылдың қаңтар–сәуірінде ҚТЖ-ның таза жүк айналымы 92,1 млрд ткм болды (+9,8%).

ҚТЖ желісі арқылы жүк тасымалы 4,5%-ға өсіп, 85 млн тоннаға жетті. Оның ішінде:

  • Ел ішінде — 54,6 млн т
  • Экспортқа — 30,4 млн т (+12,7% жылдық өсім)

Қаржылық қолдау және кластерлік бағыт

  • 8 трлн теңге — 2025 жылы «Бәйтерек» холдингі арқылы жеңілдетілген қаржыландыру. Бұл ЖІӨ өсіміне қосымша 1,3 пайыздық пункт береді.
  • Қаражат МСБ, тұрғын үй және ұлттық жобаларға бағытталады.
  • 17 ірі жоба анықталған: мұнай-газ химиясы, туризм, IT, т.б.

Негізгі мақсаттар:

  • МСБ үлесі — 2030 жылға қарай ЖІӨ-нің 40%-ы
  • IT-қызметтер экспорты — 1,5 млрд АҚШ доллары
  • Тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) — жыл сайын 24–25 млрд АҚШ доллары

Сыртқы тәуекелдер және макроэкономикалық бағдар

Сәуірден бастап сыртқы нарықтарда жағдай қиындады: АҚШ-тың тарифтік саясаты, OPEC+ мұнай өндіруді арттыруы, логистикадағы іркілістер мен қаржы нарығындағы құбылмалылық — мұнай бағасына және жаһандық сұранысқа қысым түсіріп отыр. Соған қарамастан, үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты сақтап, инвестиция мен экспортты ынталандыруды жалғастыруда.

Келешек

Биылғы 4 айдағы орнықты өсім әртараптандыру саясатының нақты іске аса бастағанын көрсетеді. Индустрияландыру мен қызмет көрсету секторы қатар дамып, құрылыс мультипликативтік әсер беруде. Ендігі негізгі міндет — өндірісті күрделендіру және жоғары қосылған құны бар экспортты кеңейту.

Сарапшылар пікірі:

Расул Рысмамбетов, қаржыгер:

«Өсімнің 6%-ы, оның басым бөлігі мұнай-газ емес сектордан — бұл өте жақсы нәтиже. Қазіргі нарықта шикізат сенімді тірек болудан қалды. Экономиканы әртараптандыру — жалғыз жол. Бірақ логистика мен қаржылық инфрақұрылымға салынатын инвестициясыз МСБ-ның тұрақты өсімі туралы айту ерте. Алдағы 5–7 жылда негізгі драйверлер — логистика, сақтау, ауыл шаруашылығы мен өңделген металлургия болмақ».

Эльдар Бейсимбеков, макроэкономист, Dasco Consulting Group:

«Өндірістік сектордың озық қарқыны — ең маңызды көрсеткіш. Бұл құрылымдық өзгеріс әлі толық қалыптаспаса да, оң үрдіс бар. Ең бастысы — күрделі өндіріс пен жоғары қосылған құнды өнімге көшу. Металл, машина жасау, химия және тамақ өнеркәсібі — Қазақстан үшін стратегиялық салалар».