ХЭЙЛУНЦЗЯН ВИЦЕ-ГУБЕРНАТОРЫ ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕГІ КӘСІПОРЫНДАРМЕН ТАНЫСТЫ

ХЭЙЛУНЦЗЯН ВИЦЕ-ГУБЕРНАТОРЫ ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕГІ КӘСІПОРЫНДАРМЕН ТАНЫСТЫ
Өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік байқалды

Қытай Халық Республикасының Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы Чжан Цисян Түркістан облысына ресми іссапармен келіп, өңірдің өндірістік нысандарын аралады. Делегацияны облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков бастап жүрді.

Қонақтарға өңірдің экономикалық әлеуеті мен инвестициялық жобалар туралы «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Данияр Бектұрғанов баяндама жасады. Ол көкөніс сақтау қоймасы мен шағын өндірістік парктің қазіргі мүмкіндіктеріне тоқталды.

Сапар аясында делегация жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» цехына, білім және денсаулық сақтау саласына арналған жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» кәсіпорнына, сондай-ақ тоңазытқыш жабдықтарын жасайтын «Jasyl Suyq Qazaqstan» зауытына барды.

Сонымен бірге, жуырда бейнебақылау камераларын шығаруды қолға алатын «Бір белдеу — бір жол» жобасы аясындағы кәсіпорын өкілдерімен кездесті. Екі тарап ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.