МАҚТААРАЛ: ЖАҢАРТЫЛҒАН ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ БАЛАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАЙ БАСТАДЫ

МАҚТААРАЛ: ЖАҢАРТЫЛҒАН ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ БАЛАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАЙ БАСТАДЫ
Мақтаарал ауданында күрделі жөндеуден өткен жазғы сауықтыру лагері пайдалануға берілді. «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» жанындағы бұл нысан балалардың демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуге бағытталған.
Ғимарат толық жаңғыртылып, шатыр, еден, есік-терезе, асхана және санитарлық тораптар заман талабына сай қайта жасалды. Акт залы мен сыртқы алаңда да абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов лагерьдің жай-күйін тексеріп, балалардың қауіпсіздігі мен демалыс сапасына ерекше мән берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл лагерь балалардың тәрбие, білім және шығармашылық әлеуетін дамытуға арналған орталыққа айналмақ.
2025 жылғы жазғы маусымда лагерь 8 ауысыммен 1500-ге жуық баланы қабылдайды. Демалыс аясында мәдени-спорттық шаралар, шығармашылық үйірмелер мен тәрбиелік бағдарламалар өткізу жоспарланған.