Отырарда отбасылар эстафетада бақ сынады

Отырарда отбасылар эстафетада бақ сынады
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Отырар ауданында ерекше форматтағы мерекелік эстафеталық жарыс өтті. «Әкем, анам және мен» тақырыбындағы бұл отбасылық сайыс Қажымұхан Мұңайтпасұлы атындағы спорт кешенінде ұйымдастырылды.
Шараға аудан мектептері мен балабақшаларынан келген бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары белсенді қатысты. Отбасылар бірлесе жарысқа түсіп, салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, ұйымшылдық пен бірлікті паш етті. Эстафета «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында өткізілді. Бұл – мектеп, отбасы және бала арасындағы ынтымақтастықты арттыруды көздейтін “Үштік одақ” тұжырымдамасын насихаттау бағытындағы нақты қадам.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы балалардың құқығын қорғау – қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев шараның тәрбие мен отбасылық құндылықтарды нығайтудағы маңызын айрықша атап өтті.
Эстафеталық сайыс бес кезеңнен тұрды: “Таныстыру”, “Кім жылдам?”, “Допты алып өт”, “Ептілік”, “Жеңіс туы”. Әр кезеңде қатысушылар шапшаңдық пен тапқырлықтарын сынап, ұйымшылдықтарын көрсетті.
Нәтижесінде үздік өнер көрсеткен бүлдіршіндер мен отбасылар естелік сыйлықтармен марапатталды.