Сайрам ауданында ірі ет комбинаты іске қосылуға жақын

Сайрам ауданында ірі ет комбинаты іске қосылуға жақын

Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аудан әкімі Арман Сабитов «KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің 5000 бас ірі қараға арналған мал бордақылау кешені мен ет комбинатының құрылыс барысымен танысты.

Жоба аясында бордақылау алаңымен қатар, мал сою пункті, етті терең өңдейтін цех, қан өңдеу кәсіпорны қарастырылған. Кешен толық іске қосылғаннан кейін ет өндірісі кезінде ешқандай қалдық қалмайды: ішек-қарын, сирақ, сүйек – бәрі өңделіп, кәдеге жаратылады. Тіпті, ет өндіруде пайдаланылған су да қайта өңдеуден өтпек.

Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, Беларусь пен Қытайдан жеткізілген тоңазытқыш камералар орнатылып жатыр. Жоба іске қосылған соң 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Аудан басшысы бұл жобаның өңір экономикасы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуда маңызды рөл атқаратынын, сондай-ақ еңбекқор халқы бар Сайрам ауданы үшін осындай өндіріс орнының тиімділігі жоғары екенін атап өтті.