Сарыағашта «Үлгілі ауыл» байқауында топ жарған ауылға спорт және ойын алаңшасы ашылды

Сарыағашта «Үлгілі ауыл» байқауында топ жарған ауылға спорт және ойын алаңшасы ашылды

ТҮРКІСТАН. «Үлгілі ауыл» байқауында жүлдегер атанған Сарыағаш ауданына қарасты Тегісшіл ауылдық округінің Мәдениет елді мекенінде жаңа спорт және балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді.

Ашық аспан астындағы спорттық инфрақұрылым облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып, заманауи қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Алаңша әсіресе балалар мен жастардың белсенді демалысына, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасайды.

Ашылу салтанатына Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Оның айтуынша, бұл нысан — ауылдың болашағына салынған инвестиция.

«Жастайынан спортпен шұғылданған баланың денсаулығы мықты, келешегі жарқын болады. Бұл алаңшадан болашақ чемпиондар өсіп шығатынына сенемін», — деді аудан басшысы.

Айта кетейік, «Үлгілі ауыл» байқауы 2024 жылы Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында өткізілді. Байқау нәтижесінде үздік деп танылған ауылдарға әлеуметтік нысандар салу бастамасы қолдау тапқан.