Шымкенттік оқушылар халықаралық байқауда жүлдегер атанды

Шымкенттік оқушылар халықаралық байқауда жүлдегер атанды
— деп хабарлайды Pressa24.kz.
Астана қаласында өткен «Ғылым әлемін ашамыз» атты халықаралық ғылыми байқауда шымкенттік оқушылар үздік нәтижелерге қол жеткізді. Байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстаннан барлығы 116 оқушы қатысып, өз жобаларын төрт негізгі бағыт бойынша қорғады. Атап айтқанда, қатысушылар ғарыштық техника мен инфрақұрылым, ғарыштық биология мен медицина, Күн жүйесі және оның зерттелуі секілді салалар бойынша ғылыми жұмыстарын ұсынды.
Шымкент қаласынан қатысқан төрт дарынды оқушы халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетті.
Күміс жүлдені (II орын):
№1 мамандандырылған IT лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Әсел Мұратбек,
№2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Аруна Абылқасым жеңіп алды.
Қола жүлдеге (III орын):
А. Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Алина Есенгелдиева,
№2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Дастан Рақыманберді ие болды.
Айта кету керек, байқау жеңімпазы Әсел Мұратбек Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректорлық грантына ие болып, өз жетістігін тағы бір марапатпен толықтырды.
Бұл жетістік – Шымкент қаласындағы білім беру жүйесінің даму қарқыны мен оқушылардың ғылыми ізденіске деген қызығушылығының нәтижесі.