Түркістан облысында этномедиацияны дамытуға арналған үш күндік семинар басталды

Түркістан облысында этномедиацияны дамытуға арналған үш күндік семинар басталды,- деп хабарлайды Pressa24.kz.
Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» этносаралық қақтығыстардың алдын алу және медиация институтын дамытуға бағытталған семинар өз жұмысын бастады. 21-23 мамыр аралығында өтетін бұл шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Семинарға өңірдегі ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура, полиция, ішкі саясат, білім беру мекемелерінің өкілдері мен психологтар, медиаторлар қатысуда. Жиынның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев медиация институтының өңірлік тәжірибеде оң нәтиже беріп келе жатқанын атап өтті.
Шара барысында кәсіби медиаторлар мен сала мамандары этномедиацияның рөлі, қақтығыс кезеңдері, бейресми топтармен жұмыс жүргізу, әлеуметтік шиеленістерді болдырмаудың тетіктері жөнінде дәрістер оқып, тәжірибелерімен бөлісуде.
Семинар мақсаты – этносаралық татулықты сақтау, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту және дау-дамайлардың алдын алуда медиацияны тиімді қолдану жолдарын талқылау.