Түркістан облысында пробация талаптарын бұзған азамат бас бостандығынан айырылды

Түркістан облысының тұрғыны жазасын өтеу тәртібін бірнеше рет қасақана бұзғаны үшін сот үкімімен бас бостандығынан айырылды.

2023 жылы ол бұзақылық және бопсалау деректері бойынша сотталып, пробациялық бақылау белгілене отырып, бас бостандығын шектеу жазасына кесілген болатын. Алайда түзелуге берілген мүмкіндікке қарамастан, сотталған азамат тәртіп бұзушылықтарын жалғастырды.

Оған 2025 жылдың қаңтарында Қылмыстық кодекстің 287-бабы 3-бөлігіне сәйкес заңсыз атыс қаруын алып жүру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен бірге пробация қызметіне дәлелді себепсіз тіркелуге келмеген, электрондық бақылау құралын шешкен және жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны анықталды.

Осы заңбұзушылықтар негізінде пробация қызметі жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы ұсыныс жасағанымен, бірінші сатыдағы сот оны қанағаттандырмаған. Облыс прокуратурасының апелляциялық ұсынысынан кейін сот шешімі жойылып, сотталған азамат түзеу мекемесіне жіберілді. Сот қаулысы заңды күшіне енді.