Түркістан облысында туризмді дамытуға жаңа әдістер енгізілуде

Түркістан облысында 2025-2029 жылдарға арналған туризмді дамыту жоспары жасалды. Бұл мәселе облыс әкімдігінің мәжілісінде талқыланып, облыс әкімі Нұралхан Көшеров туристік әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын атап өтті. Ол жауапты органдарға туристік нысандарды ретке келтіріп, нақты іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды.

Туристік көрсеткіштер мен жаңа бағыттар

Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, 2029 жылға қарай облысқа келетін туристер санын 1 миллион адамға жеткізу көзделген. Оның ішінде орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мыңға, табиғи аймақтарға келушілер саны 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетіндер саны 250 мыңға дейін артады.

Туристік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында жаңа инвестициялар тартылып, тарихи-мәдени, табиғи нысандарды тиімді пайдалану жоспарлануда. Бұл жұмыстар үш негізгі бағыт бойынша жүргізіледі:

  • Этнокластер – дәстүрлі қазақ мәдениеті мен этноауыл жобаларына негізделген;
  • Экокластер – табиғи қорықтар мен экологиялық туризмді дамытуға бағытталған;
  • Курорттық кластер – емдік-сауықтыру туризмі мен демалыс орындарын қамтиды.

Сонымен қатар агротуризм, спелеотуризм, экстремалды туризм, сафари-туризм секілді жаңа қызмет түрлері енгізілмек.

Turkistan City Pass жүйесі іске қосылады

Халықаралық тәжірибеде туристерге бірыңғай қызмет ұсынатын жүйелер танымал. Солардың бірі – City Pass картасы. Осыған орай, Түркістанда Turkistan City Pass электрондық туристік картасы іске қосылады. Бұл жүйе арқылы мұражайлар, қонақүйлер, мейрамханалар мен такси қызметтері біріктіріліп, туристерге жеңілдікпен ұсынылады.

Халықаралық серіктестік және шетелдік туристер легі

Түркістан облысының туристік бағдарламалары шетелде де таныстырылып жатыр. Италияның Alpin Tour және Tomiris Travel компанияларымен келісім жасалып, Түркістанның туристік өнімдері италиялық нарыққа шығарылды. 2025 жылы Италиядан 24 туристік топ (әр топта 20-25 адам) Түркістанға екі күндік сапармен келеді деп күтілуде.

Түркістан облысында туризмді дамыту жұмыстары қарқынды жалғасады.