Түркістан облысында жаңа тұқымбақтың жұмысы пысықталуда

 

Түркістан облысында құрылысы аяқталуға жақын заманауи тұқымбақтың дайындығы тексерілді. Аймақ әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков нысанға барып, жүйелердің жұмыс істеу барысын бақылап шықты.

«Жасыл аймақ» мекемесінің өкілдері ұсынған мәліметке сүйенсек, жаңа тұқымбақта қылқан және жұмсақ жапырақты ағаштардың, сондай-ақ сәндік бұталардың көшеттері өсірілмек. Бұл нысан толықтай желтоқсан айында іске қосылады деп күтілуде.

Тексеру барысында облыс әкімінің орынбасары тұқымбақтағы өскіндердің күтімі мен топырақты құнарландыру шараларын да назардан тыс қалдырмады. Биылдың өзінде 825 гектар мәдени орман алқабына минералдық және органикалық тыңайтқыштар берілген. Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл топырақтағы тұз мөлшерін азайтып, көшеттердің тамырлануын тездетеді.

Қазіргі таңда жасыл белдеу аумағы толығымен қоршалып, суару жүйелері кезең-кезеңімен жөнделіп жатыр. Аумағының 63 пайызы ұңғымалармен, 25 пайызы су арналары арқылы, ал қалған бөлігі су сорғыларының көмегімен суарылады. Биылдың өзінде 55 сорғы қалпына келтірілген.

Жоспар бойынша алдағы уақытта 900 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіледі. Бұл өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтап, жел эрозиясының алдын алуға бағытталған.

Нұрбол Тұрашбеков суару жүйелерін толық түгендеп, көктемгі маусымға дейін барлық ақауларды жоюды тапсырды. Сондай-ақ, тұқымбақтың іске қосылуына дайындықты күшейтуді және жасыл аймақтың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуді міндеттеді.

Бұл жоба Түркістан өңірін көгалдандыру мен экологиялық тұрақтылықты арттыру бағытындағы маңызды бастамалардың бірі болып саналады.