Түркістанда түркі өркениетінің сәулет ескерткіштерін сақтау жөніндегі халықаралық симпозиум өтті

Түркістанда түркі өркениетінің сәулет ескерткіштерін сақтау жөніндегі халықаралық симпозиум өтті

Түркістан қаласында «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» атты II Халықаралық симпозиум өтті. Аталған шара Түркі мәдениеті және мұрасы қорының бастамасымен, отандық серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.

Симпозиумға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Венгрия және Қазақстаннан танымал сәулетшілер, реставраторлар, тарихшылар мен мәдениеттанушылар қатысты. Сонымен қатар халықаралық ұйымдардың өкілдері мен ғылыми сарапшылар да басқосудан шет қалмады.

Жиын Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің базасындағы «Фараб» ғылыми кітапханасында өтті. Симпозиумды университет ректоры Жанар Темірбекова ашып, жүргізді. Шара аясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова және басқа да қонақтар құттықтау сөз сөйледі.

Ақтоты Райымқұлова қордың қызметі туралы баяндап, Түркі мемлекеттерінің сәулетшілері мен реставраторларының консультативті кеңесінің құрылғанын жеткізді. Бұл кеңес — ортақ тарихи мұраларды сақтау бағытында жасалған маңызды қадам.

Симпозиум аясында пленарлық отырыстар мен тәжірибе алмасуға бағытталған талқылаулар өтті. Негізгі мақсат – түркі өркениетіне тиесілі сәулет ескерткіштерін сақтау, қалпына келтіру және дәріптеу. Сондай-ақ, Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту де маңызды бағыттардың бірі ретінде атап өтілді.