Түркістан облысында алты теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізіледі

Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет Түркістан облысындағы ескі теміржол вокзалдарына кешенді реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңесте белгілі болды.

Жаңғыртылатын нысандар қатарында «Түркістан», «Манкент», «Түлкібас», «Сарыағаш», «Темір», «Арыс-2» вокзалдары бар. Аймақ басшысы тарихи ғимараттардың сәулеттік келбетін сақтай отырып жаңарту қажеттігін айтып, жобалауға, құжаттандыруға және құрылыс сапасына қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, республика бойынша 125 вокзалды жаңарту көзделсе, оның 6-уы Түркістан облысына тиесілі. Қазіргі таңда бірқатар вокзалдар уақытша нысандарға көшіріліп, демонтаж жұмыстары басталған.

Жоба аясында «Түлкібас», «Арыс-2», «Манкент» вокзалдарына – «Kanfar Building» ЖШС, ал «Сарыағаш» және «Темір» вокзалдарына – «BOLD Construction Group» ЖШС жауапты болады. Ал тарихи мәртебесі бар «Түркістан» вокзалына ғылыми-реставрациялық жұмыстарды «Казреставрация» мекемесі жүргізеді.

Мамандардың мәліметінше, вокзалдардың тірек конструкцияларының беріктігі зерттеліп, жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Бұл жаңғырту жолаушыларға жайлы жағдай жасаумен қатар, өңірдің туристік әлеуетін де арттыра түспек.