САЙРАМДА FSM SOCIAL ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

САЙРАМДА FSM SOCIAL ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
2025 жылғы 30 мамырда Сайрам ауданына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсесінің» басшысы Фарида Сағындық пен Еңбек ресурстарын дамыту орталығының өкілдері жұмыс сапарымен келді.
Сапар мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды ерте анықтау, оларға уақытылы қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру және FSM SOCIAL цифрлық жүйесі арқылы әлеуметтік саладағы қызметтердің тиімділігін арттыру.
Аудандық мәдениет үйінде өткен кеңейтілген жиынды аудан әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев ашып, жиынға Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мирова, аудандық әлеуметтік сала өкілдері, полиция, денсаулық сақтау мен білім беру саласының мамандары, барлығы 300-ге жуық адам қатысты.
Фарида Сағындық FSM SOCIAL жүйесінің жұмыс қағидаттарын таныстырып, әр сала бойынша жауапты тұлғалар айқындалғанын жеткізді. Жүйе арқылы қиын жағдайдағы отбасыларды тіркеу, деректерді интеграциялау және ведомствоаралық өзара байланысты нығайту басты назарға алынды.
Жиын соңында қатысушылар FSM SOCIAL платформасының қызметі мен мүмкіндіктеріне қатысты өз пікірлерін білдіріп, жүйені тиімді қолдану жолдарын талқылады.