Түркістанда тұрғын үй сапасы қатаң бақылауға алынды

Түркістан облысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен құрылыс сапасына бақылау күшейтілді. Әрбір тұрғын үй нысаны жеке қадағалауға алынған. Осыған байланысты кезекті жиын Түркістан қаласында өтті.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен басқосуға құрылыс, сәулет және сапа бақылау саласының мамандары мен мердігер мекемелердің өкілдері қатысты. Кездесуде көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына қатысты тұрғындардың шағымдары мен анықталған олқылықтар талқыланды.
Атап айтқанда, «Дос и К сервис», «Ақ Нұр-строй», «Азим строй», «Саха — 2005», «Талап строй», «Ару — ТАМ» ЖШС секілді мердігер ұйымдардың нысандарындағы кемшіліктер бойынша сын-ескертпелер айтылды. Қатысушылар мәселелерді шешу жолдарын талқылап, құрылыс сапасын жақсартуға қатысты нақты ұсыныстар білдірді.
Жақын күндері аталған мердігерлер пайдалануға берілген үйлердегі кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар жүргізіп, сапаны жақсартуға міндеттелді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан қаласында 420 көпқабатты тұрғын үй бар. Тұрғындардан келіп түскен әрбір арыз-шағым жергілікті әкімдіктің ерекше назарында.





