Қытайда Түркістан облысында сарымсақты терең өңдеу жобасы талқыланды

ТҮРКІСТАН, 11 маусым – Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегацияның Қытайға жұмыс сапары барысында сарымсақты терең өңдеу ісін бастау бойынша маңызды келіссөздер өтті. Делегация Шаньдун провинциясындағы Цзинин қаласында орналасқан, сарымсақ өндірісі бойынша әлемдегі жетекші «Wanglin Group» компаниясының басшылығымен кездесті.
Кездесу кезінде тараптар Түркістан облысында агроиндустриялық кластер құру, сарымсақ өсіру көлемін арттыру, фермерлермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу және дайын өнімді шетелге экспорттау мәселелері бойынша ынтымақтастық орнатуға уағдаласты.
Компания өкілдері өңірдің агроклиматтық әлеуетін жоғары бағалап, инвестиция салуға, өңдеу зауыттарын ашуға және экспорттық логистика жүйесін дамытуға қызығушылық танытты. Сонымен қатар, делегация сарымсақты қайта өңдеу цехтары, логистикалық инфрақұрылым, сақтау қоймалары мен баға реттеу орталықтарының жұмысымен танысты.
«Wanglin Group» – сарымсақ өңдеу, мұздату, кептіру, сақтау және экспорттау бойынша 20 жылдан астам тәжірибесі бар компания. Жалпы егістік көлемі – 500 мың га, жылдық өнім – 8 млн тонна, экспорт көлемі – $4 млрд, ал сақтау қоймасының сыйымдылығы – 4,8 млн тонна.
– Бұл келіссөздер – Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа кезеңі. Президент тапсырмасына сай, ауыл тұрғындарына нақты пайда әкелетін жобалар іске асады. Біз фермерлерді жаңа технологиялармен және халықаралық нарықпен байланыстыруға күш саламыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Сапар барысында делегация Қытайдың аграрлық технопарктерінің, өңделген өнімдерді сақтау және экспорттау жүйелерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар сарымсаққа арналған мемлекеттік музейге барып, Қытайдың агроөнеркәсіп саласындағы тарихи және ғылыми жетістіктерімен танысты.
Түркістан облысы – еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі. Облыста жыл сайын он мыңдаған гектар жерге сарымсақ, пияз, көкөніс пен бақша өнімдері егіледі. 2025 жылға қарай өңірге тартылатын тікелей шетелдік инвестиция көлемін 30%-ға арттыру жоспарланған.





