Су тапшылығы мен ирригация: Вице-министр Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты

Су тапшылығы мен ирригация: Вице-министр Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов жұмыс сапарымен Түркістан облысына келіп, аймақтағы су шаруашылығының өзекті мәселелерімен танысты. Сапар барысында ол өңір мамандарымен және жергілікті билік өкілдерімен жүздесіп, су үнемдеу, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және егіс алқаптарын тиімді сумен қамту тақырыптарын талқылады.

Кездесу «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының ғимаратында өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, «Қазсушар» филиалының директоры Қазыбек Бедебаев, сондай-ақ «Тұран-Су» мекемесінің өкілдері қатысты.

Жиында Ерболат Ибрайханов су тапшылығы мәселесіне арнайы тоқталып, ИБР бағдарламасы аясындағы тік ұңғымалар құрылысының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, вице-министр агроөнеркәсіп кешенін дамытуда су ресурстарын тиімді басқарудың рөлін ерекше атап өтті.

Айта кетейік, биыл «Қазсушар» Түркістан филиалы 300 шақырымға жуық су арналары мен каналдарды механикалық әдіспен тазартып, инфрақұрылымды жақсартуға күш салған. Бұдан бөлек, министрліктің қолдауымен мекеме 38 жаңа техникамен қамтамасыз етілген.

Сапар аясында вице-министр облыстағы бірнеше су нысандарын аралап, жергілікті жағдаймен көзбе-көз танысуы жоспарланған.