Түркістан облысындағы аудандардың жағдайын жұмысшы топ тексерді

Түркістан облысында аудан әкімдіктерінің жұмыс сапасы жіті бақылауға алынды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жедел мәжілісте өңірлерге берілген тапсырмалардың орындалу барысы сараланды.

Жиын барысында басқарма басшылары жылыжай шаруашылығын дамыту, қарқынды бау егу және үшжақты келісімдер аясында бекітілген индикативті жоспарлардың орындалу кестесін таныстырды. Алайда ұсынылған мәліметтердің шынайылығы күмән тудырды.

– Ауданнан келген есептерді нақты жағдаймен салыстыру қажет. Бұл үшін шұғыл жұмысшы топ құрылады. Олар ел аралап, нақты ахуалды көзбен көріп, егжей-тегжейлі талдау жүргізуі тиіс, – деді Нұрбол Тұрашбеков.

Жұмысшы топ құрамына басқарма басшылары кіріп, ауыл-аймақтарды аралайды. Ерекше назар — ағын суды тиімді пайдалану, мал азығын дайындау және жайылымдық жерлерді қайтару мәселелеріне аударылады.

Тексеру қорытындысы бойынша олқылықтарға жол берген аудан және қала әкімдеріне қатысты жауапкершілік мәселесі облыс әкіміне ұсынылмақ.