САРЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР САРАЛАНДЫ

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев қаладағы көркейту және абаттандыру жұмыстарының барысын жаяу аралап, нақты тапсырмалар берді. Аудан басшысы алдымен қала ішіндегі бірқатар көшелерге төселіп жатқан аяқ жолдардың сапасына мән беріп, мердігер ұйым «Энерго ВЭС»-ке сын-ескертпелер айтты. Ол Сарыағаш қаласының әкімі А.Ешанқұлға құрылысты уақытылы әрі сапалы аяқтап, тұрғындардың жайлылығы үшін барлық жағдай жасау жөнінде нақты міндет жүктеді.
Аяқ жол төсеу жұмыстары Қазына, Алтынсарин, С.Мұқанов, Б.Ермекұлы және Телемұнара көшелерін қамтиды.
Кейін аудан әкімі қала аумағындағы көгалдандыру мен абаттандыру шараларымен танысты. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар А-15 тас жолының бойына егілген жасыл желектер мен қала кіреберісіндегі саябақтағы суару жүйесінің жұмысын тексерді. Арман Абдуллаев жауапты мамандарға суару уақытын ұлғайту қажеттігін ескертіп, көгалдандыру мен тазалықты қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Сарыағаш қаласының көркі мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру – аудан басшылығының басты назарында. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.





