Түркістанда капсулалы үйлер өндірісі жолға қойылады

Түркістанда капсулалы үйлер өндірісі жолға қойылады, деп хабарлайды Pressa24.kz.
Түркістан облысы туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын дамытудың жаңа деңгейіне көтерілмек. Өңірде заманауи капсулалы үйлер шығару ісі қолға алынып, бұл бағыттағы алғашқы бірлескен жобалар жүзеге аса бастады.
Қытайдың жетекші өндірістік компанияларының бірі – «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» және «BNK GROUP LTD» отандық серіктестігімен бірге Түркістанда капсулалы үйлерді құрастыру және өндіруді бастамақ. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Қытайдың Линьи қаласына арнайы барып, «Shandong Kamoya» зауытының жұмысымен танысты.
Зауыт бүгінде «KHAN TAU» брендімен танымал капсулалы үйлер шығарады. Бұл – заманауи, энергия үнемдейтін және экологиялық таза құрылыс технологиясы. Алдағы уақытта дәл осы үйлер Түркістан өңірінде өндіріледі. Алғашқы үлгілердің дайын екені және олар жақын арада «KHAN TAU» демалыс аймағына жеткізілетіні белгілі болды.
Капсулалы үй – бұл жай ғана баспана емес. Бұл – кемпинг, глэмпинг, қонақүй, тіпті кеңсе ретінде пайдалануға болатын, барынша ыңғайлы әрі жылжымалы модульдік құрылыс үлгісі. Панорамалық терезелер, толық жабдықталған ас үй, санузел, «ақылды үй» жүйесі, кондиционер, мультимедиа құрылғылары – барлығы туристерге заманауи жайлылық сыйлайды. Сонымен қатар, мұндай үйлерді салу үшін жер телімін заңдастыру қажет емес.
— Туризм мен инфрақұрылым салаларын жаңғырту – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Осындай заманауи технологияларды Түркістанда өндіру арқылы біз өңірдің инвестициялық, өндірістік және туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтереміз, — деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Сапар соңында делегация өкілдері қытайлық әріптестерге жылы қабылдау мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, Шаньдун – Қытайдың экономикалық қуаты күшті үш аймағының бірі. 2023 жылы оның жалпы өңірлік өнімі 9 трлн юаньнан асып, елдің алдыңғы қатарлы өндірістік аймағына айналды.





