Мақтааралда халықаралық өндірістік кооперация орталығын құру жеделдетіледі

 

Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келген ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов «Атамекен» кедендік бекетінің маңында өзбек тарапының өкілдерімен бірлескен жиын өткізді.

Кездесу барысында екі ел арасындағы өндірістік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған «Орта Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығын (ХӨКО) құру мәселелері талқыланды.

Орталықтың шекара маңындағы экономикалық белсенділікті арттыру, бірлескен өндірістер ашу, экспорттық әлеуетті дамыту және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететіні атап өтілді.

🔹 Инфрақұрылым дайындығы – басты міндет
Министр Арман Шаққалиев жауапты мемлекеттік және жергілікті органдарға инфрақұрылымды (жол, су, электр, газ, байланыс) жедел әрі сапалы түрде дайындауды тапсырды.

🔹 Инвестициялық келіссөздер жүргізілді
Кооперациялық орталыққа негізгі инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, ғимарат құрылысы мен логистикалық инфрақұрылымның іске асырылу мерзімі нақтыланды. Жобаға қойылатын міндеттемелер мен талаптар да айқындалды.

🔹 Аймақтық маңызы зор жоба
«Орта Азия» ХӨКО іске қосылған жағдайда ол Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтатын, логистикалық хаб рөлін атқаратын стратегиялық платформа болмақ.