Келес ауданында жаңа мәдениет үйлері мен мұражай салынады

Келес ауданында халыққа мәдени қызмет көрсетуді жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының өңірлерде мәдениет нысандарын көбейту және мәдени демалысқа қолжетімділікті арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында бірқатар жаңа жобалар қолға алынған.

Қазіргі таңда ауданда 8 мәдениет үйі мен 11 клуб жұмыс істейді. Бұл нысандар ауыл тұрғындарына рухани демалыс пен өнерді тамашалауға жағдай жасап отыр. Өткен жылы Ошақты ауылдық округіне қарасты Жиделі елді мекенінде 75 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді.

Қазір төрт елді мекенде жаңа мәдениет нысандарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Жүзімдік ауылдық округінде жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталып, қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, Алпамыс батыр, Біртілек және Ұшқын ауылдық округтерінде де мәдениет үйлерін салу бағытында дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Биыл жүзеге асырылатын маңызды жобалардың бірі – Абай ауылында бой көтеретін аудандық мұражай. Құрылысқа қажетті жер телімі бөлініп, мемлекеттік акті алынған. Қазіргі таңда нысанның құрылысы жүргізілуде.