Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы 7 жылда 3 есе артты

ТҮРКІСТАН. Түркістан облысы құрылғалы бері өңірдегі құрылыс саласы қарқын алып, тұрғын үй алаңдары мен әлеуметтік нысандардың саны еселеп өсті. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2018–2024 жылдар аралығында облыстағы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 3,8 есе өсіп, 536,2 млрд теңгеге жеткен. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 140 млрд теңге болатын.
Баспана мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда
Түркістан облысы аумағында соңғы жеті жыл ішінде тұрғын үй құрылысы 3 есе ұлғайып, 2024 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 1 153 мың шаршы метрге жетті. Бұл – 2018 жылғы 388 мың шаршы метрмен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеу.
Жаңа үйлермен қамтылған отбасылар саны да көңіл қуантады:
- 8449 отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды;
- «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы қолжетімді кредиттік үй иесі атанды;
- Сонымен бірге, жалдамалы баспана ақысын субсидиялау бағдарламасы аясында 2 мыңнан аса отбасы мемлекет қолдауына ие болды.
Бүгінде облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 69 мың адам тіркелген.
Жоспар қандай?
Жыл басынан бері Түркістан облысында 306,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін жалпы көлемі 1 млн 60 мың шаршы метрді құрайтын 231 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Мұның ішінде:
- Көпқабатты тұрғын үйлер – 428,8 мың шаршы метр;
- Жеке сектордағы тұрғын үйлер – 631,2 мың шаршы метр.
Осылайша, 2024 жылдың соңына дейін 6 891 отбасы жаңа баспанаға қоныстанады деп жоспарланып отыр.
Облыс әкімдігі тұрғын үй құрылысының қарқынын бәсеңдетпек емес. Әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту, көпбалалы отбасылар мен жастарға арналған қолжетімді тұрғын үй санын арттыру – басты міндеттердің қатарында.
Түркістан бүгінде тек тарихи, мәдени орталық қана емес, заманауи тұрғын үй инфрақұрылымы дамып келе жатқан аймаққа айналды.





