Қазығұртта медицина қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті

Қазығұрт ауданында Медицина қызметкерлерінің күніне орай салтанатты шара өтті. Аудандық мәдениет сарайында ұйымдастырылған жиынға аудан әкімі Азихан Исмаилов қатысып, ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Іс-шара барысында аудан басшысы денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен медбикелерге Алғыс хаттар мен арнайы марапаттар табыс етті.
– Дәрігер – ең құрметті мамандықтардың бірі. Сіздердің ерен еңбектеріңіз, жанкешті қызметтеріңіз қоғам үшін аса маңызды. Адам өмірін сақтау жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Мереке қарсаңында бірқатар медицина қызметкерлеріне аудандық мәслихаттың, «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының, орталық аурухана әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттары мен төсбелгілері табысталды. Олардың қатарында “Алтын дәрігер”, “Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін”, “Мейірімді медбике”, “Медицина саласының үздік қызметкері” сынды марапат иегерлері бар.
Салтанатты жиында аудандық аурухана мен ауылдық емдеу мекемелерінің үздік мамандары да марапатқа ие болды. Олардың құрметіне арнайы бейнеролик көрсетіліп, мәдениет сарайының өнерпаздары мерекелік концерт қойды.
Шараға қатысушылар ақ халатты жандардың еңбегіне алғыстарын білдіріп, ерекше көңіл-күймен тарқасты.





