Қазығұрт: Салдарбек Көлібайұлының жаңа кітабының тұсаукесері өтті

Қазығұрт ауданында ұлағатты ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері Салдарбек Көлібайұлының «Ертедегі Шығыс және Орта Азия ғалымдары мен ғұламалары» атты жаңа еңбегінің тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатысып, авторға шығармашылық табыс тіледі.
– Бұл кітап — Салдарбек Көлібайұлының сан жылдық зерттеу еңбегінің жемісі. Шығыстың данагөй ғалымдары мен ғұламаларының өмір жолы, еңбектері, ғылым мен мәдениетке қосқан үлестері бүгінгі жас ұрпақ үшін тағылым мен тәрбие көзі болары анық. Мұндай еңбектер рухани құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттық санамызды биіктете түседі, – деді аудан басшысы.
Кітапта Ертедегі Шығыс пен Орта Азияда өмір сүрген ұлы ойшылдардың өмірбаяны, ғылымға қосқан үлестері мен өркениетке қалдырған мұрасы жан-жақты баяндалған. Еңбек — тарих пен ғылымды ұштастыра отырып, жас ұрпақты ұлы мұраны құрметтеуге баулитын маңызды туынды.
Шара барысында зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар авторға жылы лебіздерін білдіріп, еңбектің танымдық әрі тәрбиелік маңызына жоғары баға берді.





