Арыста мемлекеттік қызметшілер тартысты спартакиадада бақ сынасты

Арыс қаласында 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай қаладағы жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасында дәстүрлі қалалық спартакиада ұйымдастырылды. Бұл спорттық шара – бір жағынан кәсіби мереке қарсаңындағы тарту болса, екінші жағынан салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған игі бастама.
Күнделікті кеңсе жұмысы мен құжат айналымынан бір сәтке бой сергіткен мемлекеттік қызметшілер кіші футбол, арқан тарту, ләңгі тебу, асық ату, қол күресі секілді ұлттық және бұқаралық спорт түрлері бойынша күш сынасты.
Шараның ашылу салтанатында қала әкімі Қайсар Маңқараев құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметтің мәртебесін, жауапкершілігін және патриоттық рухын атап өтті. Ол жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, әділ әрі тартысты ойын көрсетуге шақырды.
Спартакиадаға қала әкімдігі аппараты, дербес бөлімдер мен ауылдық округтердің командалары қатысып, ұжымдық рух пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында спорт мәдениетін қалыптастырып, бұқаралық спортты кеңінен дәріптеу, дейді ұйымдастырушылар.
Тартысты жарыс нәтижесінде І орын қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық жетекшілік ететін командаға бұйырды. ІІ орынды әкім орынбасары Рысдәулет Айтбаев басқаратын бөлім мамандары еншілесе, әкім аппаратының командасы ІІІ орынға ие болды.





