Арыста толық газдандыру жұмыстары қарқын алды: тұрғындар белсенділік танытуы тиіс

Арыста толық газдандыру жұмыстары қарқын алды: тұрғындар белсенділік танытуы тиіс
Арыс қаласын толықтай табиғи газбен қамтуға бағытталған ауқымды жоба қарқын алуда. Жоспарға сәйкес, биылғы жылдың соңына дейін қала тұрғындары толығымен көгілдір отын игілігін көрмек. Алайда бұл үдерістің табысты жүзеге асуы тұрғындардың өз тарапынан белсенді қадамдарына да байланысты болып отыр.
Күні бүгін шаһар басшысы Қайсар Маңқараев қала көшелерін аралап, газдандыру жұмыстарының жай-күйімен танысты. Ол ең алдымен газ тарту ісін сенімгерлік басқаруға алған «Otebay Gaz» мекемесіне барып, орталық көшелердегі құбырларды қысымдау, ақауларды жою барысын бақылап шықты. Қала әкімі мердігер компанияға жұмысты жеделдете түсіп, газдандыруды мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Қазіргі таңда М.Жұмабаев, М.Әуезов және Амангелді көшелерінде газ желілерін монтаждау жұмыстары қызу жүріп жатыр. 30-дан астам мамандандырылған бригада көгілдір отынды үйге енгізуге дайындық жүргізуде. Жауапты мамандардың айтуынша, сынақтан өткен көшелерде газ жаздың соңына дейін қосыла бастайды.
Сонымен қатар, әкім Самал тұрғын ауданындағы жұмыстарды да назардан тыс қалдырмады. Бұл аумақ та таяу айларда табиғи газға толық қосылады.
Алайда жоба ілгерілеуімен қатар, қиындықтар да жоқ емес. Газ жеткізуші мамандардың айтуынша, тұрғындардың көбі үй ішіне монтаждау жұмыстарын кешіктіріп отыр. Бұл күзде газ толық қосылған кезде ұзақ кезектер мен техникалық кідірістерге себеп болуы мүмкін.
Осыған байланысты қала әкімі тұрғындарды бүгіннен қалдырмай үй ішілік жүйеге газ тартуға дайын болуға шақырды. Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстарын жандандырып, әрбір азаматқа нақты ақпарат жеткізу жөнінде тиісті бөлімдерге тапсырма берді.
Ресми мәліметке сүйенсек, Арыста 9 мыңнан астам абонент көгілдір отынға қосылуы тиіс. Бүгінде соның 3 700-ден астамы үй ішілік жүйені дайындап, табиғи газды тұтынып отыр. Қала орталығындағы тағы 5 мыңнан аса үйге газ тартуға техникалық мүмкіндік бар, тек тұрғындардың қадам жасауын қажет етеді.
Газ – жайлылықтың кепілі. Сондықтан әрбір арыстық үшін бұл игілікке бүгіннен дайын болу – ертеңгі күннің қамын ойлағаны.





