ТҮРКІСТАН: ӘР ТИЫН ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ЖҰМСАЛУЫ ТИІС – ОБЛЫС ӘКІМІ ҚАТАҢ ТАПСЫРМА БЕРДІ

Түркістан облысында мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтар мен кемшіліктер қатаң бақылауға алынады. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында мәлім болды.
Мәжіліс барысында мемлекеттік қаржыны тиімді игеру, сатып алу рәсімдерінің заң талаптарына сай жүргізілуі және ашықтықты қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Облыс басшысы кемшіліктерге жол берген аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде тапсырма берді.
– Мемлекеттік қаражат әр тиынына дейін халықтың игілігіне жұмсалуы керек. Қажетсіз жобаларға қаржы шашу тоқтатылады. Барлық жобалар тиімді әрі уақтылы жүзеге асуы тиіс. Әкімдер мен басқарма басшылары бұл мәселені қатаң бақылауға алсын. Жұмыс заң аясында, ашық әрі әділ жүргізілуі керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға семинарлар өткізу, түсіндіру жұмыстарын күшейту, рейтингтік бағалау жүйесін енгізу секілді нақты тапсырмалар жүктелді.
Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ақаәділ Сатыбалдының мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері басқармаға жалпы сомасы 147,9 млрд теңгені құрайтын 953 өтінім түскен. Оның ішінде:
- Жұмыстар – 74,4 млрд теңгеге 266 өтінім;
- Қызметтер – 30,7 млрд теңгеге 378 өтінім;
- Тауарлар – 42,8 млрд теңгеге 309 өтінім.
Қазіргі таңда 140,9 млрд теңгеге 856 сатып алу рәсімі аяқталса, қалған 7 млрд теңгеге 97 рәсім жалғасуда.
Жиын қорытындысында облыс әкімі саладағы әр әрекет енді қатаң бақылауда болатынын қадап айтты. Бұл – бюджет қаражатын ашық әрі әділ игеру жолындағы маңызды қадам.





