Арыс қаласында киелі орындар тазартылып, рухани мұраға құрмет көрсетілді

Арыс қаласында экологиялық мәдениетті нығайтуды көздейтін «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында ерекше бағыттағы шара қолға алынды. «Киелі мекен» апталығы шеңберінде қаладағы тарихи-мәдени мәні зор орындарға тазалық жұмыстары жүргізілді.
Қаланың тұрғындары, түрлі сала қызметкерлері мен белсенді еріктілер бірлесіп, Жекен-Саяқ әулие, Мұңлық-Зарлық мазары және Монтай әулие орналасқан аумақтарды қоқыстан тазартты. Олар тек қана тазалау жұмыстарымен шектелмей, айналаны абаттандырып, арамшөптерден арылтып, бұл мекендерге деген құрметтің үлгісін көрсетті.
Сондай-ақ қала ішінде белгіленген секторлар бойынша жауапты мекемелер сенбілік өткізіп, көшелер мен қоғамдық аумақтардың тазалығына назар аударды. Бұл жұмыстар — қоршаған ортаға деген жауапкершілікпен қатар, тарихқа, ұлттық руханиятқа деген жанашырлықтың белгісі.
Қала әкімдігі тұрғындарды экологиялық мәдениетке үн қосуға, аула мен көшені таза ұстауға, арамшөптерді жоюға белсенді араласуға шақырып отыр. Себебі қоршаған ортаны таза сақтау – әр азаматтың міндеті.





